Полицейлер Атырауда ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшысын еске алды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық тәртіп сақшылары Атырауда әйелді құтқарамын деп ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиевті еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Егер сол күнгі оқиға болмағанда, полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев бүгін, 1 сәуір күні 25-ке толатын еді. Әйелді құтқарамын деп ойланбастан мұздай суға секіріп, суға кеткен тәртіп сақшысының ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
«Біз Шалқар Ақымғалиевке бас иеміз, оның бейнесі үнемі жадымызда сақталады», - деді полиция полковнигі Болатбек Белгібеков.
БҚО тәртіп сақшылары қатарында Шалқармен таныс болған полиция лейтенанты Қанат Мұқанбетов қызмет етеді.
«Біз ішкі істер органдарына қызметке кірісер алдында бастапқы дайындық курсынан бірге өттік. Шалқар өмірге құштар, көмекке келуге дайын тұратын жас еді. Осындай жастың өмірі ерте үзілгені өте өкінішті. Біз, батысқазақстандық тәртіп сақшылары оның отбасына, тума-туысқандарына қайғыра көңіл айтамыз», - деді Қ.Мұқанбетов.
БҚО полиция департаментінің қызметкерлері Шалқар Ақымғалиевті бір минут үнсіздікпен еске алып, оның суреті тұсына гүл шоқтарын қойды.
Еске сала кетейік, Шалқар Ақымғалиев 21 наурыз күні өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарам деп қаза тапты. ҚР Ішкі істер министрлігі Шалқар Ақымғалиевті мемлекеттік наградаға ұсынады.