Полицейлер баланы өрт ішінен алып шықты
ҚОСТАНАЙ. Қазанның 17-сі. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Қостанай мамандандырылған күзет басқармасының полицейлері 7 жасар Яна Нұрмағамбетованы өрттен құтқарып қалды.
Мамандандырылған күзет басқармасының қызметкерлері полиция аға сержанты Жарқын Махин мен кіші сержант Абзал Оспанов, кезекті кезекшіліктен үйлеріне қайтып келе жатып, Чкалов көшесіндегі үйдің бесінші қабатындағы пәтер өртеніп жатқанын көреді, жоғары жақтан баланың жылаған даусын естиді.
«Оқиға жайында өрт сөндірушілер мен полицияға хабарлаған соң, олар өртке оранған пәтерге кіруге талпынады. Бірақ темір есікті бұза алмайды. Содан соң олар төменгі, төртінші қабаттағы пәтердің балконы арқылы ішке кіру туралы шешім қабылдайды. Одан да ештеңе шықпайды. Болмаған соң, полицейлер бір-бірінің қолынан ұстап, шатыр арқылы балконнан баланы шығарып алып, жерге түседі. Дәл осы кезде ештеңеден хабарсыз Янаның әкесі де жұмыстан оралады, өрт сөндірушілер де жетеді», дейді ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің қызметкері Сәуле Нұрпейісова.