Полицейлер «Чикаго» мейрамханасында жарылғыш зат қойылды деп ақпарат таратқан адамды іздестіруде
АҚТӨБЕ. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Полицейлер Ақтөбе қаласындағы мейрамханаларының бірінде жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпарат таратқан адамды іздестіруде.
Бүгін облыстық ІІД өткізілген брифинг барысында хабарланғандай, 102 телефонына қоңырау 28 ақпанға қараған түнде келіп түсті. Белгісіз азамат «Чикаго» мейрамханасында жарылғыш зат қойылғаны туралы және оның жарты сағаттан кейін іске қосылатыны туралы хабарлады.
Дабыл бойынша қаланың барлық жедел қызметтері оқиға орнына жетті, дегенмен жарылғыш зат табылмады.
Қазіргі уақытта жалған ақпарат таратқан адамды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр, оған қатысты ҚР ҚК 242-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде.