Полицейлер де Наурызды өз деңгейінде атап өтті
АСТАНА. 22 наурыз. ҚазАқпарат /Даниел Шайынғазин/ - ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаменті жеке құрамы да Наурыз мейрамын аса көтеріңкі, көңілді жағдайда қарсы алды.
«Береке басы - бірлікте» - дегендей барлық басқармалар мен бөлімдер бірлесіп, көктем мейрамының берекелі де мерекелі өтуіне бар ынталарын салып, өздерінің театрландырылған қойылымдарын ұсынды.
Мерекеге ішкі істер органдары ардагерлерін, отбасы мүшелерін де шақыруды ұмыт қалдырған жоқ, деп хабарлады баспасөз қызметінен Назым Тасболат.
Әсіресе, «Үйлену тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» деп аталған қойылымдарды мерекеге жиналған қауым қызыға тамашалады.
«Наурыз мейрамы жыл санап елімізде жаңаша леппен тойланып келеді. Береке мен бірліктің, ырыс пен молшылықтың бастауы болып саналатын Наурыз - қасиетті мейрам. Бұл мерекеге деген біздің ықылас-ниетіміз ерекше. Жер-ана жаңарып, айналасына өз шуағын ала келген ұлыстың ұлы күні баршамызға жақсылық, еңбегімізге жеміс әкелсін. Қол жеткізген жетістіктеріміз жетерлік. Жаңа жылда алар асуларымыз да қомақты болады деген сенімдемін», - деді басшылықтың атынан жеке құрамды құттықтаған Департамент бастығының орынбасары полиция подполковнигі Тимур Кәрімов.
Мерекелік қойылымдарды қоюда үздік шыққан Штаб, Кадр жұмысы басқармасы, Қоғамдық қауіпсіздік, Криминалдық полиция, Көші-қон полициясы, Тергеу басқармаларының жеке құрамы марапатталып, оларға ақшалай сыйақы табыс етілді.
«Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сеніммен жиналған қауым дастарханға шақырылып, мереке ән мен биге ұласты.