Полицейлер Қостанай облысында балалардың ұрланғаны туралы хабарламаға түсінік берді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - WhatsApp мессенджері арқылы Қостанай облысында балалар ұрланғаны туралы дауыстық хабарлама таралып жатыр. Қостанай облыстық ІІД өкілдері осыған қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Хабарламада әйел адам Қостанай облысының Бегежан елді мекенінде балалардың ұрланғанын айтады.
«Қостанай облысында балалар ұрланып жатыр, оларды ақшамен алдап-арбап, машинаға отырғызып әкетіп жатыр. Алдымен Бегежанда осындай жағдай болды. Бүгін мектепке бізде де осындай оқиға болғаны туралы хабар келді», - делінген аудиода.
Облыстық ішкі істер департаменті бұл фактіні жоққа шығарды.
«Фактілер дәлелденбеді. Жәбірленушілерден өтініш түскен жоқ. Облыста мұндай жағдайлар тіркелген жоқ. Бұл жалған ақпарат», - дейді ІІД өкілдері.
Сонымен қатар полицейлер азаматтарға ҚР ҚК 274-бабына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат тарату заңға қайшы екенін ескертіп жатыр.