Полицейлер мен өрт сөндірушілердің Бүкіләлемдік ойындарында ел намысын 5 спортшы қорғамақ
АЛМАТЫ. 26 шілде. ҚазАқпарат - Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында 1-10 тамызда полицейлер мен өрт сөндірушілердің XV Бүкіләлемдік ойындары өтеді.
70-тен астам елден 10 мыңға жуық спортшы қатысатын бұл дүбірлі додада ел намысын жүзден жүйрік шыққан 5 саңлақ қорғамақ. Бүгін Алматы қаласының ішкі істер департаментінде оларды шығарып салуға арналған салтанатты шара өтті.
«56 спорт түрінен өтетін бұл жарысқа қатысатын Қазақстан құрамасының капитаны - бенчпресс, пуштуллифтинг, армреслинг сияқты спорт түрлерінен әлемнің 9 дүркін чемпионы, полиция подполковнигі, астаналық Серік Нұрғалиев. Команда құрамында еркін күрес, дзюдо және грек-рим күресінен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, оңтүстікқазақстандық, полиция подполковнигі Асқар Жандаров, дзюдо және рек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полиция капитаны, астаналық Талғат Қожабаев, сондай-ақ бокс, каратэ спорттарының үздігі, полиция капитаны, алматылық Абдусанат Шарафов пен дзюдодан спорт шебері, полиция аға лейтенанты, шығысқазақстандық Асхат Елубаев бар. Жігіттер намысты қолдан бермей, тек жүлдемен оралады деп сенеміз», - дейді Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ізбасар Бектұров. Ал қалалық ішкі істер департаменті ардагерлері кеңесінің төрағасы, генерал-майор Асыл-Керей Байболовтың айтуынша, отандастарымыз тек Әлем чемпионы болып оралуы тиіс. Өйткені оларға тек құқық қорғау органдарындағы әріптестері ғана емес, күллі Қазақстан тілекші болып отыр. Сондықтан елдің абыройын асқақтату азаматтарымызға сын болмақ.