Полицейлер СҚО тұрғындарын музей түніне шақырды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің музейі «Музейдегі түн» шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полиция ведомствосы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аумағы 300 шаршы метрді құрайтын музейдің төрт залында 4 мыңнан астам экспонат бар.
Бұл жерден әр жылдардағы кеңес милиционерлерінің, алғашқы полицейлердің және қазіргі қазақстандық полицейлердің киім үлгілерін, 1918 жылғы петропавлдық милиционердің бірінші жеңдегі белігісін тамашалауға болады. Департамент музейінде 1940-1950 жылдары тәртіп сақшылары мінген ИЖ-49 мотоциклі де бар. Атышулы қылмыстарды ашуға арналған стендтерде суреттер, бұйрық көшірмелері, қылмыс құралдары және жәбірленушінің жеке заттары көрсетілген.
Осы жылы СҚО ІІД музейіне 29 жыл толып отыр. Бұл уақыт аралығында музейге 40 мыңнан астам адам келіп, 2 мыңға жуық экскурсиялар ұйымдастырылған.
Сабина Біржанқызы