Полицейлер ұрланған жылқыларды иесіне қайтарды - Қостанай облысы
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Науырзым аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті шаруаның ұрланған жылқыларын тауып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науырзым аудандық полиция бөлімшесіне Қараменді ауылының 68 жастағы тұрғыны арызданған.
Оның айтуынша, 6 жылқысы үнемі ауылдан 25 шақырым жердегі жайылымда жүретін. Үстіміздегі жылдың 3 желтоқсанында ол жылқыларының жоғалғанын біліп, өз бетінше іздестіре бастайды. Бірақ, ол ісі нәтиже берген жоқ.
«Оқиға болған жерді тексеру барысында полиция қызметкерлері тіркемесі бар автокөлік пен мал іздерін анықтады. Бұдан әрі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері жануарларды тасымалдау үшін пайдаланылған тіркеменің иесін анықтады. Тіркеме иесімен әңгімелесу арқылы полицейлер күдіктілерді тапты. Олар ұрлық фактісі жасалғанға дейін жергілікті тұрғынның тіркемесін ала тұрған. Ұрылар 35 және 49 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Ер адамдар бұрын қылмыстық жауапқа тартылмаған», - делінген полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 900 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Жылқылар иесіне қайтарылды.