«Полицейлердің аздығынан барымташылар басынып барады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 желтоқсан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Полицейлердің аздығынан барымташылар басынып барады» - республикалық басылымдарға шолу

***

Мәжілістің  Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселесі  талқыланды. Өңірлерде болған кездесулерде тұрғындар негізгі азық-түлік өнімдері бағасының үнемі өсе беретініне үлкен алаңдау­шы­лық білдіреді. Азық-түлік қауіп­сіздігі, өнімдердің сапасы мен қолжетімділігі ел тұрғындары­ның денсаулығы мен әл-ауқа­ты­ның жақсаруына тікелей әсер ететіні анық. Ол мәселе дер ке­зінде шешімін таппаса, қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызуы мүмкін. Мәжіліс депутаты, Әлеумет­тік-мәдени даму комитетінің мү­шесі Уәлихан Бишімбаев өз сө­зінде азық-түлік өнімдері баға­сы­ның өсімі туралы, оның іш­інде нан-тоқаш өнімдері, ет және сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс саласындағы жағ­дай­ға талдау жасады. Ол баға өсімінің негізгі се­бептері ретінде бағаны реттейтін мемлекеттік институттардың әл­сіз екенін және қаржы нарығы­ның дамымай отырғандығын, тауар көлемімен салыстырғанда, табыстың шектен тыс өсуін, саудада қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесінің дамымай келе жатқанын, сондай-ақ өндіріс көлемінің қысқаруын, импорт­тың ұлғаюын және өндірістегі тағам өнімдерін негізсіз ұстап тұрудың өсе түсуін атады. Бұл мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Азық-түлік өнімдерінің бағасы өсуіне қаржы рыногының дамымай отыруы да себепкер» деген тақырыппен берілді.

 

Осы басылымда «Ауған соғысы ардагерлеріне - мемлекеттік наградалар» атты материал басылды. Мәжіліс депутаты, республикалық «Ардагерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен марапатталған бірқатар Ауған соғысы ардагерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәр­­тіп­ті қамтамасыз етуде, ел­­дің ұлттық қа­уіп­­сіз­дігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін Қазақ­­­стан Тәуелсіздігінің 21 жылдық мерейтойына орай II дәрежелі «Айбын» орде­­ні­­мен Маңғыстау облыстық «Боевое братс­­­тво» жауынгер-интернационалистер қо­­ғам­­­дық бірлестігінің төрағасы Нұркен Қара­жа­нов пен Ауған со­­­ғысы ардагерлері ұйым­да­ры­ның «Қазақстан ардагерлері» қауымдас­­тығы төрағасының бірінші орынбасары Қай­рат Елубаев, III дәрежелі «Айбын» орде­німен Қызылорда об­­­лыс­­­тық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңе­­сінің төр­ағасы Сәкен Махамбетов, «Құрмет» ордені­мен Ақтөбе облыстық Ауған соғысы арда­­­герлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасынов марапатталды.

***

«Ұры байымайды» десек те, елімізде ұрлықты кәсіп еткендердің тірлігі азаймай тұр. Тіпті өршіп бара жатыр десек те болатын секілді. Алматы қаласы мен облысы аумағында жиі естілетін пәтер ұрылары мен барымташылардың әрекеті осындай ойға жетелейді. Мәселен, қазір Алматы облысының қай жері болмасын, ұрылардың «қолтаңбасы» қалмаған ауылдар сирек», -деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Полицейлердің аздығынан барымташылар басынып барады» атты мақаласында.

  

Осы басылымда «Мұнайды ұрлаймыз, суымызды ұрлаймыз» атты мақала жарық көрді. Жер қойнауындағы ен байлықты тиімсіз және қоршаған ортаға зиян келтіре игеру мемлекеттің экономикалық  та, экологиялық та қауіпсіздігіне орасан зор нұқсан келтірері анық. Солай бола тұра Ақтөбе облысында жер қойнауындағы ен байлықты игерушілер заңды белшеден басуларын қояр емес. Жылдың жартыжылдығында мұнай өндіріп, оны сатумен айналысатын компаниялардың жұмысын тексерген Ақтөбе облысының прокурорлары осылай деп дабыл қағуда.

***

«Туу туралы куәлік - адамның ең алғашқы құжаты. Сондықтан осы куәлікте баланың аты-жөні дұрыс жазылуына басты мән беру қажет. Бала дүниеге келгенде ол міндетті түрде тіркеуге алынады. Сол кезде ұлты қазақ азаматтардың аты-жөні, тегі қалай жазылатынын әр адам білуі тиіс»,- деп жазады «Астана ақшамы» газеті.  Ұлты қазақ адамдардың есімі ұзақ болса да оны бөлек жазуға жол берілмейді. Құжаттарға адам есімдерінің дұрыс жазылуы мәселесін көтерген мақала «Аты-жөніңіз дұрыс жазылып жүр ме?» деген тақырыппен берілді.