Полиция Алматы қаласының кіреберістерінде қосымша бекеттер қойылғанын растады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері Алматы қаласына кіретін жолдарда уақытша бекеттер қойылғанын растады. Бұл жөнінде ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция Алматы қаласының кіреберістерінде қосымша бекеттер қойылғанын растады

«Алматы маңында тәртіп сақшыларының 9 бекеті 28-ші қысқы Универсиада кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ашылды. Сондай-ақ бекеттегі полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалғандарды, іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау шараларына атсалысады. Мұнан бөлек көлік жүргізушілеріне ескерту және алдын алу шараларын жүргізетін болады» деп атап өтті өңірдің ІІД баспасөз қызметі.

Уақытша бекеттер спорттық шаралардың соңына дейін, яғни 9 ақпанға дейін жұмыс істейді. Осыған орай ІІД басшылығы тәртіп сақшыларының бұл әрекетіне түсіністікпен қарауға шақырады.