Полиция әйел зорлады деген күдік келтіріліп отырған пойыз жолсерігіне қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартты
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Полиция жолаушылардың бірін зорлады деген күдік келтіріліп отырған Алматы-Защита бағытындағы №352/351 пойыз жолсерігіне қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Бұл туралы бүгін «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, «Защита» стансасының көлік полициясы қылмысқа негіз болатын дәлелдердің жоқтығына байланысты биылғы жылдың 20-шы тамызы күні осындай қаулы шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 10 тамызы күні «Защита» стансасының желілік ішкі істер бөліміне шығыс Қазақстан облысының 31 жасар тұрғыны хабарласқан болатын. Ол өзін «Алматы -Защита» бағытындағы №352/351 пойыз жолсерігінің зорлағандығын айтқан болатын. Осыған байланысты қосымша тергеу шаралары мен сот-медициналық сараптамасы тағайындалған болатын. Тексеру шараларының барысында арызданушының ақпараттары расталмады.
Әйелдің денесінен зорлық-зомбылықтың белгісі табылған жоқ. Бұған қоса аталмыш азаматша 2011 жылдың 17-ші тамызы күні өзін зорлады деген азаматқа ешқандай өкпесі жоқ екендігін айтып, оған қатысты қандай да бір шара қолданбауды сұраған.