Полиция: Ертістен табылған мәйіт - бір жыл бұрын жоғалған әйелдің денесі
ІІД баспасөз хатшысы Баян Мағзұмованың айтуынша, молекулярлық-генетикалық сараптама мәйіт ДНҚ-сы Дарья Николаеваның дезоксирибонуклеин қышқылымен сәйкестігін көрсеткен. Мәйіт кеше жерленді.
Жоғалған келіншекті ерікті іздестіру тобының өкілі Екатерина Кудрявцеваның айтуынша, сараптама бір айға созылған.
Қыркүйекте Павлодар облысында Ертіс өзенінің жағасынан әйел адамның денесі табылуына байланысты «Адам өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Екі ай бұрын ІІД-дегілер табылған мәйітті Дарья Николаеваның туыстары тани алмағанын айтады. Өйткені ұзақ уақыт суда жатқан дене бұзылып кеткен.
Полиция өзендегі мәйіт туралы балықшылардан біледі. Еріктілердің сөзіне қарағанда 2016 жылғы 21 қазанда 28 жастағы Дарья Николаева із-түзсіз жоғалып, оны «Вита» іздестіру жасағының мүшелері іздей бастаған.
Әйелдің денесі 12 қыркүйекте Железин ауданының Моисеевка ауылының маңынан табылғанда оның қолдары байлаулы, басы пакетке ораулы болған.
Туыстары жоғалардан бұрын Дарья жүктілігіне байланысты демалысқа шығып, туған ауылы Береговоеден Тереңкөл ауылындағы күйеуіне бара жатқан. Содан кейін оны тірі жан көрмеген.
ІІД «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеп-тексеру жалғасып жатқанын мәлімдеді. Күдіктілердің бірі ретінде, тергеу нұсқасы бойынша, Дарьяны соңғы рет көрген күйеуінен жауап алынған.