Полиция хабар-ошарсыз кеткен Қостанай облысы тұрғынының денесін тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Полиция хабар-ошарсыз кеткен Қостанай облысы тұрғынының денесін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция хабар-ошарсыз кеткен Қостанай облысы тұрғынының денесін тапты

58 жастағы әйел 30 маусымда үйінен шығып кеткен. Оның жоғалып кеткені туралы арызды полицияға ағасы жолдаған. Полиция қызметкерлері, Қостанай облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шекара қызметі және еріктілермен бірлесіп, дереу іздеуге кірісті.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аса ауыр қылмыс жасағанын мойындаған күдікті ұсталды. Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде ол жоғалған әйелдің мәйітінің жерленген жерін көрсетті.

ҚР ҚК-нің 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қажетті сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы тәртібіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.