Полиция қызметкерлері 13 сағат тұтқында ұсталған 45 жастағы жүргізушіні құтқарды - ІІМ
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифинтге Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақпанның 22-сінде түнде жол полициясы қызметкерлері көліктік кезекшілік барысында Ломоносов көшесі бойында келе жатқан, терезелері қатты буланып кеткен «Мазда» автокөлігін байқаған. Полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талаптарын көлік жүргізушісі елемей, қозғалысын тоқтатпаған. Автомашина бірнеше көшеден өткен соң мәжбүрлеп тоқтатылды. Ол тоқтасымен көліктің салонынан төрт адам қашып шыққан. Полиция қызметкерлері жүргізушіні сол жерде ұстады», деді Қ. Жұманов.
Ол бұрын қарақшылық жасағаны үшін сотталған Шығыс Қазақстан облысының 33 жастағы тұрғыны болып шықты. «Салонды тексеру кезінде полиция қызметкері көліктің жүк салғыш бөлігінен шыққан шуды естіген. Оны тексеру кезінде скотчпен байланған ер адамды тапқан. Жәбірленуші жүк салғышта шамамен 13 сағат жатқанын айтты», деді ол.
Қ. Жұмановтың сөзіне қарағанда, бірнеше минут өткеннен кейін сол маңайды тексеру барысында полиция қызметкерлері қылмысқа тағы бір қатысушысын ұстады. Оның Қарақалпақстаннан Қазақстанға жұмысқа тұру мақсатында келгені белгілі болды.Қазіргі уақытта оларға қатысты қарақшылық шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмыстың басқа да қатысушылары анықталуда.