Полиция қызметкерлерінің атын жамылып өз қатарларын тонаған жасөспірімдердің ісі әшкереленді
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда өздерін полиция қызметкерлері деп таныстырып, көшеде кетіп бара жатқан бозбалалардан жеке бастарын тексеру ретінде олардың ұялы телефондарын, ақшалары мен ойын құралдарын тартып алып отырған жасөспірімдер ұсталды.
Олардың үшеуі де қаланың әрқилы мектептерінің тоғызыншы сынып оқушылары және үшеуі де жағдайы бар зиялы отбасының балалары болып шықты.
«Олар өз құрбандарына түрлі-түсті сканер мен принтер арқылы дайындалған полицей қызметкерінің жасанды куәлігін, сондай-ақ радиостанция да көрсеткен. Ал бозбалалар оған күмәнсіз сеніп, өз мүліктерін оңай бере салған. Ал қарақшылардың талаптарын орындамағандарға көбінесе күш қолданған. Жас қарақшылардың өздері Алматының Түрксіб ауданының тұрғындары болғанымен, олар ұрлық пен алаяқтық әрекеттерін Бостандық ауданының аумағында жасап жүрген. Тоналған балалардың ата-анасынан арыз-шағымдар дәл біздің аудандық ішкі істер басқармасына келіп түсті»,- деп мәлімдеді Бостандық аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Анвар Тұрысбеков.
Оның айтуынша, күдіктілерді іздеп табу мен ұстау жедел уәкілдерге аса қиындық тудыра қоймаған.
«Қазіргі таңда күдіктілердің үшеуі де құрықталды. Олар аудандық ІІБ-да. Қаскөй қарақшылар өз істегендерін мойындай отырып, бұрын да осы іспеттес бірнеше қылмыстар жасағандарын айтты. Оның мән-жайы және ауқатты отбасы балалары бола тұра мұндай қылмысқа не себепті барғандары ары қарай жүргізілетін тергеу барысында анықталатын болады. Тергеушілер барлық процессуалдық іс-әрекеттерді оқушылардың ата-анасының қатысуымен жүргізуде. Ұсталғандардан заттай айғақ ретінде 7 ұялы телефон мен үш ойын құралдары тәркіленіп, қылмыстық іске тіркелді»,- деді полковник Анвар Тұрысбеков.