Полиция Лондондағы оқиғаларды террорлық акті деп атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондон полициясы сенбі кешке қалада болған екі оқиғаны террорлық акті деп бағалады. Бұл туралы Би-Би-Си агенттігі хабарлады.

Полиция Лондондағы оқиғаларды террорлық акті деп атады

Британ астанасындағы құқық қорғау органдарының Туиттердегі ресми парақшасында оқиғалардың террорлық акті деп бағаланатыны жазылды.

Британия премьер-министр Тереза Мэй де Лондонда болған оқиға «террорлық акті» болуы мүмкін екендігі жайында мәлім етті. «Тергеу жедел жүргізілуде», - деді Мэй.

Сенбі кешке қарай Лондондағы шабуылдар салдарынан бірнеше адам (зардап шегушілердің нақты саны әзірге белгісіз) қаза тапты. Полиция үш күдіктіні іздестіруде.

Лондон көпірінде фургон 80 км/с жылдамдықпен келіп бір топ жаяу жүргіншілерді соққан. 5-6 адам зардап шеккен. Бірнеше дерекөзі, көліктің оқиға орнынан кетіп қалғаны жөнінде жазуда.

Тәртіп сақшылары сырахана мен мейрамханалары көп «Бороу маркеті» маңында пышақпен шабуыл жасағандар туралы хабар алған соң қару қолданған. Көшедегілер мен демалушыларға белгісіз біреулер пышақ ала жүгіргені туралы куәгерлер көп хабарлауда.

Воксхолл ауданында тағы бір оқиға болған. Алайда полиция дерегіне сәйкес, ол басқа екі шабуылға байланысы жоқ болып шықты.