«Полиция майоры есірткі сатса, есірік болмаған неміз қалады?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 17 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Солтүстік Қазақстан өңірінде естіген жанның жағасын ұстатар оқиға орын алды. Облыстағы Қызылжар ауданында полиция майоры есірткі саудасы кезінде қолға түсті. Облыстық прокуратураның мәліметі бойынша, аталмыш полиция қызметкері 2013 жылдың 15 ақпанынан 14 наурызына дейін өзінің қызмет бабын пайдаланып, бірнеше мәрте есірткі заттарын - айрықша ірі көлемдегі героинді сатып келіпті. Оның жалпы салмағы 6,48 грамды құраған. Сәуірдің 3-і күні деректері әбден жеткілікті дәрежеге жеткен Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің облыстық депар­таменті Қызылжар аудандық іш­кі істер бөлімінің аға жедел өкі­ліне қатысты қылмыстық істі де қозғады. Бұл материал «Полиция майоры есірткі сатса, есірік болмаған неміз қалады?» деген тақырыппен берілген.

«Кентау қаласына қарасты Бүргем ауылының тұрғыны Зиба Ерғараева, құдай қаласа, биылғы жылдың 1 маусымы күні 108 жасқа толады. Қазіргі кезде әжейдің денсаулығы жақсы. Немерелерінің бетінен сүйіп, алдына алып, ойнатып отырады. Тек екі көздің нашар көретіндігінен таяққа сүйенеді»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» «104 жасында төлқұжатын ауыстырды» атты материалда. Зиба әжей 1905 жылы Түркістан қаласында туған. Содан жұбайы Бейсенбек екеуі қой бағуды кәсіп етіп, күнделікті күйбең тіршілікті бастан өткереді. Ұл-қыздарының қолқа салуымен 1975 жылы Кентау қаласына қоныс аударады. Жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ болғандықтан, 104 жасында әжей төлқұжатын ауыстырды. «Мерзімі өтіп, зейнетақысын ала алмаған соң, осылай істеуге тура келді», - дейді Айсұлу есімді келіні.


***


«Айқын» газетінің жазуынша, Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиында ең алдымен, Қазақстанның азық-түліктік қауіпсіздігін нығайту мәселесі қаралды. Содан кейін «күн тәртібіне» сәйкес, еліміздегі ғарыш саласын дамытуға бағытталған шаралар талқыға салынды. Отырысты ашқан Президент азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш салудың маңыздылығын атап өтті. Елбасының айтуынша, тамақ өнімдерінің құны жағынан да, сан алуан түрлері бойынша да халыққа қолжетімді болуы үшін шаралар қабылдау керек. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Тамақ өнiмдерiнiң құны қолжетiмдi болуы керек» атты мақаланы оқыңыз.


«Еліміздегі бірқатар БАҚ «Алматыда 50-ден астам көшенің атауы өзгертіледі. Көшелердің атауын ауыстыру үшін мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы жұмсалады» деген алып-қашпа ақпарат таратты. Біз осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Алматы қалалық әкімшілігі Тілдер басқармасының ономастика жөніндегі бөлімінің мамандарымен тілдескен едік»,-деп жазады «Айқын». Ресми дерекке жүгінсек, Алматыда екі мыңға жуық көше бар көрінеді. Осы көшелердің 158-нің атауы ел тәуелсіз­дігінің алғашқы жылдарында өз­герті­ліп­ті. Сондай-ақ 458 көшеге жа­ңа атау бері­ліпті. Алматы қалалық әкім­­шілігі Тіл­дерді дамыту, мұрағаттар жә­не құ­жат­тама басқармасы ономастика бө­лімінің бастығы Өтепберген Қалабай­­­­дың айтуын­ша, қала аумағында сонау кеңестік кезеңдегі атауымен әлі күнге келе жатқан 100-ге жуық көше бар екен. Деген­мен дәл осы көшелердің атауы­ның ба­сым көпшілігі әлдеқашан ескірген. Бұл мақала көпшілік назарына «Алматыда 60 көше қашан өзгертіледі?» деген тақырыппен ұсынылып отыр.


***

«Алаш айнасы» басылымының «Будан буда-буда ақша жасайтындар булығып жүр» мақаласында еліміздегі кальян индустриясының халық денсаулығына тигізіп жатқан орасан зор зияны туралы айтылған. Ал мүдделі жақ «Қазақстан кальян индустриясы кәсіпкерлер қауымдастығын» құрып, дәстүрімізде жоқ нәрсені мәдениетке балап, шығыс елдерінің сәніне санап, улы түтінге шаң жуытар емес.


Сонымен қатар осы газеттегі «Шенділер неге «жеуге» құмар?» атты материалда еліміздегі жемқорлық деңгейі экономикалық қана емес, ұлттық қауіпсіздікке де қатер төндіретін деңгейге жетіп отырғандығы сарапталған.

Соңғы жаңалықтар