Полиция саны жеткілікті болғанымен, олардың сапасы жеткіліксіз - Қ. Айтаханов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда полицейлер саны жеткілікті болғанымен, олардың жұмыс сапасы жеткіліксіз. Бүгін Парламент Сенатының отырысында «Ішкі істер органдары туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осындай пікір білдірді.
None
None

Депутаттың пайымынша, қарапайым адамдар ішкі істер органдарының күнделікті атқарып жатқан қызметінің сапасы мен нәтижелілігі арқылы бүкіл мемлекет билігінің жұмысына баға береді.

«Қазір заман да, құндылықтар да өзгерді. Қоғам да, адам да өзгерді. Талап пен талғам әртүрлі. Милицияның өзі полиция болып өзгерді. Алайда, ішкі істер органдарының жұмысында заман талаптарына сай өзгерістер аз. Олардың жұмыстарында дөрекілік, адам тағдырына немқұрайлылық, адам құқықтарын қамтамасыз ету емес, қайта олардың құқығын шектеуге жақын тұратын іс-қимылдар көптеп кездеседі. Бұл полиция қызметкерлеріне деген халықтың сенімін төмендетуде», - дейді сенатор Қ. Айтаханов.

Сонымен қатар, депутат өткен жылы ішкі істер органдары арасында өткізілген аттестация қорытындысына тоқтала келе, оған қатысқандардың 17 пайызы сынақтан өтпей қалғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, алдағы уақытта ішкі істер органдары өз қызметін заң талаптарына сай, түбегейлі өзгертіп, халық сеніміне ие болу үшін полиция беделін көтеруге жұмыс істеуі керек.

«Қазақстан полиция қызметкерлерінің саны жағынан 100 мың тұрғынға шаққанда дүниежүзі бойынша 6-шы орында. Сан жетеді, алайда сапа төмен. Кадрлар сапасын көтеру қажет», - дейді сенатор.

Соңғы жаңалықтар