Полиция таудан табылған баланың неден қайтыс болғанын айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысы ІІД 7 жасар баланың өліміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция таудан табылған баланың неден қайтыс болғанын айтты

Алматы облыстық ІІД баспасөз хатшысы Сергей Незнаевтың айтуынша, баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған.

«Баланың денесінен күштеп өлтіру белгілері байқалмады. Денесі ертең сот-медициналық сараптамаға беріледі. Баланы әскери қызметкерлер мен ТЖД өкілдері іздеді. Мәйіт Ынтымақ ауылына жақын жерден табылды. Олар іздеу кезінде бұл маңнан өткен. Байқамаған болуы керек», - дейді Сергей Незнаев.

Еске салайық, тауда жоғалған Ернұр Садуақастың денесі бүгін 17:40-та Жамбыл ауданы Ынтымақ ауылынан 8 шақырым қашықтықтағы тау баурайынан табылған болатын.

Бала 14 шілде күні жоғалған. 

Оны іздестіруге ТЖД, əкімдік өкілдері, полиция, сарбаздар жұмылдырылған еді. Іздеу тобы маңайды тікұшақпен сүзіп, Қырғызстан шекарасына дейін тінтіп шыққан болатын.