Полиция Үрімжіде лаңкестік жасаған террористің бірін тұтқындады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінде жарылыс жасаған 5 адамнан құралған лаңкестік топ мүшелерінің кімдер екенін анықтады. Олардың 4-еуі оқиға орнында қаза тапса, біреуі тұтқынға түсті, деп жазады ИТАР-ТАСС Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Лаңкестік орнында қаза тапқан 4 қылмыскер ДНҚ арқылы анықталған. Бесіншісін өткен түні Баянгол-Моңғол автономиялық округінде қолға түсірген. Бұған дейін лаңкесшілердің бәрі мерт болды деп жарияланған болатын.
Полиция деректері бойынша, 2013 жылдың аяғында олар қылмыстық топ құрып, жарылғыш заттармен қаруланған және автомобильді иеленген.
Үрімжідегі жарылыс 22 мамыр күні жергілікті уақыт бойынша 07:50-де "Жэньминь" саябағына таяу жердегі базарда болған. Куәгерлердің айтуынша, екі автокөлік адамдар тобына келіп соғылған. Сол сәтте автомобильдердің бірі жарылған, ал екіншісінен жарылғыш затты сыртқа лақтырған. Соңғы деректер бойынша 39 адам оқиға орнында көз жұмып, 94-і жараланды.
Айта кетейік, бұл Қытайда соңғы уақытта орын алған лаңкестік оқиғалардың ішіндегі ең ірісі болып отыр.