Полициядан қашқан өскемендік жүргізуші адам қағып кетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Көлікті мас күйінде тізгіндеген өскемендік полициядан қашамын деп жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өскемен қаласының жол-патрульдік полиция батальоны мас күйінде көлік айдаған жүргізуішіні ұстаған.
Subaru Legacy көлігінің Вороштлов көшесімен қатты жүріп келе жатқанын байқаған сақшылар, күдікті көліктің соңына түсіп, бірнеше рет тоқтауын талап етеді. Жүргізуші бұйрыққа құлақ аспай, бағдаршамның қызыл белгісінен де өтіп кеткен. Онымен қоймай, жаяу жүргіншіні қаққан.
«Қуғыншы экипаждың бір мүшесі зардап шегушінің қасында қалып, жедел жәрдем қызметін шақырды. 24 жастағы азаматша түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Ал мас жүргізуші Красин көшесінің бойында ұсталды. Амалы таусылған жүргізуші көлігін тастап қашпақ болған. Сақшылардың жедел әрекеттерінің арқасында көлік иесі ұзап кете алмады» - делінген департамент таратқан ақпаратта.
«Қашқын» 27 жастағы Өскеменнің тұрғыны және оның астындағы көлік өзінікі болмай шықты. Қазір бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.