Полицияға шақырту SMS арқылы жіберілетін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның құқық қорғау органдары тұрғындарға тергеу шаралары туралы ақпаратты SMS-хабарламалар арқылы жібереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы шағымды, хабарды немесе рапортты қабылдау мен тіркеу туралы ережеге енгізілген өзгерістерге сәйкес, қылмыстық процесті жүргізген тұлға 1414 нөмірі арқылы Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріндегі SMS-хабарлама модулін қолдана алады.
«SMS-шақырту жіберу» функционалы қылмыстық процестің нақты қатысушысының таңдауымен іске қосылады», - делінген құжатта.
SMS түріндегі хабарламаны күдіктілер, айыпталушылар және олардың заңды өкілдері, қорғаушылар, азаматтық жауапкерлер, зардап шегушілер, жеке айыптаушылар, азаматтық талапкерлер және олардың заңды өкілдері ала алады.
ҚР Бас Прокурорының «Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы шағымды, хабарды немесе рапортты қабылдау мен тіркеу туралы ережені бекіту туралы» бұйрығы 2014 жылдың 19 қыркүйегінде шыққан.