Полицияның өліміне себепші болған соңғы қылмыскер құрықталды

«Мерседес» маркілі автокөлігімен кетіп бара жатқан қылмыстық топты біздің бөлімше қызметкерлері Жароков пен Қожанов көшелерінің қиылысында тоқтатқан. Арнайы операция кезінде қылмыскерлер Валерий Аваковты қағып, оқиға орнынан қашып кеткен болатын. Бірнеше күн бойы өлім мен өмір арасында жатқан әріптесіміз аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Осы қылмысқа қатысты екі күдікті тек бес айдан кейін ғана қолға түсті. Ал жақын күндері біз осы қылмысқа қатысты тағы бір күдіктіні құрықтадық», - деп мәлімдеді Алматы қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бақыт Балғымбаев, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.
28 жасар Жандос қылмыстық ортада «Фокс» деген лақап атпен белгілі. Ол осы уақытқа дейін Алматы облысы Қарасай ауданының Шолақ ауылының бір фермасында бой тасалаған. Іздеудегі күдікті ел көзінен тасада жолдан 100 шақырым аулақтағы тау ішіндегі үйде жасырынып жатқан. Полицейлердің келуі Жандос үшін күтпеген жағдай болды. Ол ешқандай да қарсылық көрсете алмады.
«Айта кететін болсақ, бұрын құрықталған осы қылмыстық топтың екі мүшесі полиция қызметкерін өлтіргені үшін 12-13 жылға бас бостандықтарынан айрылған болатын. Оның біреуі қылмыс орын алған кезде «Мерседес» автокөлігінің тізгінінде отырған. Ал қолға түскен соңғы қылмыскер алдағы уақытта өткізілетін арнайы тергеу амалдарынан кейін сот алдында міндетті түрде жауап беретін болады. Қазіргі таңда ол өз қылмысын толығымен мойындап отыр», - деп атап өтті подполковник Балғымбаев.
Анықтама үшін: тәуелсіздік алған 18 жыл ішінде қылмыскерлермен жан алып, жан берген бітіспес күресте 14 Алматы полицейі қаза тауып, 142-сі ауыр жарақат алған.