«Полиглот» республикалық байқауы аяқталды

Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы хабарлады.
Республикалық байқауға аумақтық бөлімшелерде және Комитеттің Көкшетау техникалық институтында өткізілген облыстық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Тіл жарысында 16 өңір жеңімпаздары қатысты.
Байқаудың мақсаты: Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыру.Үш тілді - қазақ, орыс, ағылшын және одан да көп тілдерді жетік меңгерген қызметкерлерді анықтау және қолдау.
Іс-шараны ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Ж.Қ. Жұмашев өзінің құттықтау сөзімен ашып, байқаудың қатысушыларына сәттілік пен жеңіс тіледі.
Байқаудың шарттары бойынша әр қатысушы тапсырмаларды үш тілде орындайды. Бірінші тапсырмада қатысушы өзін таныстырды, одан кейін азаматтық қорғау жүйесінде жиі қолданылатын терминдерді аудару бойынша жазбаша жұмыс орындады.
Ең қызықты деңгейлердің бірі шығармашылық болды. Мұнда қатысушылар жеребе бойынша таңдалған тілдердің бірінде музыкалық нөмірлерді орындады. Тапсырмалардың нәтижесі бойынша ТЖ комитетінің және елдің жетекші жоғары оқу орындарының қызметкерлерінен құралған құзыретті және әділ қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.
Бірінші орынды Астана қ. ТЖД өкілі Мұхамадиева Ұлжан жеңіп алды. Екінші орын Батыс Қазақстан облысы ТЖД өкілі Сәрсенғалиева Айымжанға берілді. Үшінші орынға Жамбыл облысының ТЖД өкілі Әділов Ерсайын ие болды.
Сонымен қатар «Сәлем - сөздің анасы» аталымы бойынша Бисенбеков Жолдыбек (Маңғыстау облысының ТЖД), «Термин білгірі» аталымында Омарбаева Гүлнафис (Қарағанды облысының ТЖД), «Ілеспе аударма шебері» аталымы бойынша Жұмабеков Аслан (КТИ), «Өнерлінің өрісі кең» аталымында Баймаманова Әйгерім (Ақтөбе облысының ТЖД) жүлдегер атанды. «Көрермендер көзайымы» аталымында Скляр Анастасия (ШҚО ТЖД) жеңіске жетті.
ТЖ комитеті төрағасының орынбасары жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.