Полигонға іргелес тұратын аумақтағы мүгедектерге көмек ретінде 154 млн теңге қарастырылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен және жергілікті мәслихат шешімімен «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондарымен шектесетін облыстың алты ауданында (Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе) тұратын мүгедектерге 2005 жылдан бастап әлеуметтік көмек түрлері төленіп келеді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереевтің айтуынша, соның ішінде бала кезінен мүгедектерге, он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға, бірінші топтағыларға - 2 АЕК, екінші топтағыларға - 1,5 АЕК, үшінші топтағыларға 1 АЕК көлемінде көмек ай сайын төленуде. Бұған жергілікті бюджеттен ұдайы қаржы бөлінеді. Мысалы, 2013 жылы 4 028 мүгедекке - 126,3 млн теңге, 2014 жылы 4028 мүгедекке - 141 млн теңге, 2015 жылы 4 040 мүгедекке 144,1 млн теңге жұмсалды. Биыл бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 154 млн теңге қаралып отыр.
Айта кетейік, ҚР Үкіметі басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың 2015 жылғы 30 қыркүйектегі №11-17/7220 (2011 ж.) тапсырмасына сәйкес Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы «Азғыр» және «Капустин Яр» полигондарына іргелес орналасқан елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша 2016-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (жол картасы) бекітілген. Осы жоспарға орай елді мекендердің даму көрсеткіштеріне сараптама жасалып, сол ауылдарды дамытуға қатысты ұсынбалар әзірленуде. БҚО экология департаментінің мәліметіне қарағанда, алдағы уақытта Ресей мемлекеті жалға алған 600 мың гектардай жер Батыс Қазақстан облысына қайтарылмақ. Бұл бойынша да тиісті жұмыстар атқарылатын болады.