Полиграфологиялық тексерулер сыбайлас жемқорлыққа бейім лауазымдардың барлығына енгізілуі мүмкін - Ә. Бәйменов

Бұл туралы бүгін «Аманат» зияткерлік клубында мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мәселелерін талқылау барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.
Төрағаның айтуынша, бүгінгі күні Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесе отырып, еліміздегі барлық мемлекеттік органдар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа бейім лауазымдар тізімі анықталған. «Дәл осы лауазымдарға кандидаттарды қабылдау барысында олар үшін полиграфологиялық тексерулер енгізілуі мүмкін. Дегенмен, менің ойымша, мемлекеттік органдардың барлық лауазымдарына бірдей кандидаттар үшін ондай тексеруден өткізудің қажеттілігі шамалы», - деді Ә. Бәйменов.
Еске салсақ, Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасына сәйкес, құқық қорғау органдарына қызметке тұруға кандидаттардың міндетті түрде полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібі ұсынылған болатын. Бұл ретте құқық қорғау қызметіне кандидатты полиграфологиялық тексеруді психофизиологиялық куәландырудың бір бөлігі ретінде тану жөн деп есептеледі.