Полиомиелитке қарсы иммундау жүргізу үшін Қазақстан Үкіметі 2 млн. доза вакцина сатып алды
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ауызға құйылатын үш валентті полиомиелит вакцинасы Бельгияда шығарылады, оның өндірісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған. «Иммундау науқанында 4500-ден аса егу бригадасы, оның ішінде 1200 барынша икемді бригада қатысады, олар шалғай елді мекендерде және халқының саны аз пункттерде вакцинациялау жүргізеді. Вакцинация республиканың 6591 егу пунктінде жүргізіледі. Астанада полиомиелитке қарсы иммундау науқаны барысында 6 жасқа дейінгі 72588 баланы егу жоспарлануда. Вакцинация 58 егу пункті ашылған 14 медициналық ұйымда жүргізіледі», делінген таратылған хабарламада.
Полиомиелит (Poliomyelitis) - нерв жүйесін зақымдайтын, енжар атрофиялық параличтер, бұлшық еттердің, көбінесе аяқтың және дененің парезін тудыратын жіті инфекциялық ауру.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан Республикасын 2002 жылдан бастап полиомиелиттен азат ел ретінде сертификаттаған. Полиомиелиттің соңғы жағдайы республикада 1995 жылы тіркелген. Қазақстанға полиомиелиттің әкелінуі мен таралуын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі 2010 жылғы қыркүйектің 6-10 аралығында 6 жасқа дейінгі балаларға полиомиелитке қарсы қосымша бір реттік иммундау жүргізеді.
«Инфекция тамақ, су арқылы, қарым-қатынас-тұрмыстық, сондай-ақ ауа-тамшы (сирек) жолымен беріледі. Полиомиелиттің қоздырғышы суда, сүтте, ағынды суларда ұзақ уақыт бойы сақталады және қайнатқанда жойылады. Полиомиелитпен барлық жастағы адамдар, бірақ көбінесе 15 жасқа дейінгі балалар ауыруы мүмкін. Полиомиелиттің өзіндік емі жоқ. Уақтылы вакцинациялау бұл аурудан қорғанудың жалғыз құралы болып табылады. Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес вакцинациялау сәби өмірінің 2, 3, 4 және 12-15 айларында жүргізіледі. Иммундау үшін кепілді сапасы бар ДДҰ сертификаттаған полиомиелитке қарсы вакцина қолданылады», делінген таратылған хабарламада.