Полиомиелитке қарсы вакцина егілмеген балалар Қазақстан аумағына жіберілмейді - Кеңес Оспанов
АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов / - Полиомиелитке қарсы вакцина егілмеген балалар Қазақстан аумағына жіберілмейді. Бұл туралы бүгін Астанада аталған мәселеге байланысты өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Кеңес Оспанов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сондай-ақ олар шекарада ары-бері жүгірмес үшін сол жерде біздің санитарлық-карантиндік бекеттер бар. Бүгінде республика бойынша бізде осындай 77 бекет жасақталған», деді ол.
К. Оспановтың сөзіне қарағанда, бұл шаралар өз кезегінде шетелден келген балалардың, әсіресе ауру ошағы пайда болған елдерден Қазақстанға келген балаларға вакцина егуге бағытталған.
«Егер балаға вакцина егілсе, 14 күннің ішінде полиомиелитке қарсы иммунитет пайда болады», деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде жүрген шетелдік балаларға вакцина тегін егілмек.