Полицейлер су тасқынында қалған қанша адамды құтқарды

полиция
Фото: БҚО ПД

АСТАНА. KAZINFORM – Тәртіп сақшылары су қоршауында қалған тұрғындарды тауып, қауіпсіз жерлерге жеткізіп жатыр. Толығырақ Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтып берді.

«Ішкі істер министрлігінің күшімен бүгінгі күнге дейін 25 мың адам эвакуацияланып, оның ішінде 426 азамат тікұшақ техникасымен құтқарылды. Мысалы, Петропавлда полицейлер су қоршауында қалған егде жастағы күзетшіні құтқарды. Судың қатты ағысы ер адамды құрлықтан алыстатып әкеткен. Оның әріптестері полиция қызметкерлеріне жүгініп, полиция майоры Жақсылық Байбосынов, полиция капитаны Азат Исаев және полиция сержанты Нұрлан Кокабаев қайықпен қатты ағысты еңсеріп, тұрғынды құтқарды. Жалпы құтқару операциясы 8 минутты құрады» - деді Шыңғыс Алекешев ОКҚ-де өткен брифингіде.

Соған ұқсас жағдай Батыс Қазақстан облысында да болған. Зашаған полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Дидар Өтепов су басып қалған үйдің төбесінде отырған адамды құтқарды. Анықталғандай, ер адам саяжайда екі күн бойы болған. Кейін оның телефонының қуаты сөніп қалып, әйелі дабыл қағып, іздей бастаған.

«Атырау облысының Құлсары қаласында полиция майоры Нұрлан Жангелов пен полиция лейтенанты Бауыржан Тасекенов су қоршауынан 4 баласы мен әйелді құтқарды. Тәртіп сақшылары балаларды көтеріп, қауіпсіз жерге шығарған», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар