Полиция формасымен тікелей эфирге шыққан шымкенттік тиктокер жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Полиция қызметкерлері ТикТок желісінде полицей қыздың тікелей эфирінің бейнежазбасын анықтады.

Полиция формасын киген қыз ІІО-ның беделіне нұқсан келтіретін және оны төмендететін, офицер атағына лайықсыз әрекеттер көрсеткен.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желі қолданушысын анықтады.
— Ол полицияға ешқандай қатысы жоқ 24 жастағы азамат болып шықты. Полицияның нысанды киімін заңсыз кигені үшін құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Нысанды киім тәркіленіп алынды. Полиция айырым белгілері және (немесе) нышаны бар әскери киім нысанын, сондай-ақ нысанды және арнаулы киімді заңсыз киіп жүру (пайдалану) құқық бұзушылыққа жататынын ескертеді. Бұл үшін нысанды киім тәркіленіп, әкімшілік айыппұл салынады, — делінген Шымкент қаласы ПД хабарламасында.
Бұдан бұрын Алматыда ақша бопсалаған екі блогер ұсталғанын жазған едік.