Полиция қызметкерін көлігімен сүйреп кеткен жүргізуші 7 жылға сотталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ҚК-нің 380-бабы 5-бөлігі бойынша айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Шымкент қаласының Әйтеке би көшесінде көлігімен келе жатқан жүргізушіні полиция инспекторы тоқтатқан. Содан бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өткені себепті хаттама толтыратынын ескерткен. Инспектордың құжаттарды көрсету туралы заңды талабын орындаудан бас тартқан күдікті оқиға орнынан бой тасалауға әрекеттенген.
Қауіпті жүргізушіні тоқтату мақсатында және басқа жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін инспектор көліктің жолын жауып тастағанымен ер адам көлігін тоқтатпай, полицейді іліп әкетіп, бірнеше метрге сүйреп өткен.
Сотталушыға тағылған айып жинақталған құжаттармен дәлелденеді.
— Жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде жасаған әрекетіне өкініп, екі жасөспірім баласының болуы қарастырылды. Ауырлататын мән-жай қылмысты есірткіге масаң халде жасағаны болып отыр. Сот сотталушыны ҚК-нің 380-бабы 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енбеді, — делінген Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте полицияны көлігімен қағып, қашып кеткен жүргізушіге қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.