Полиция павлодарлық әйелдің қымбат көлігін өртегендерді қолға түсірді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарлық полицейлер түнгі уақытта Toyota Land Cruser 200 маркалы автокөлікті өртеген азамат пен оған тапсырыс берген адамды ұстады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиға осы жазда Павлодар қаласында болған. Түнгі уақытта әлдебіреу әйел адамға тиесілі Toyota Land Cruser 200 маркалы автокөлікті әдейі өртеген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында павлодарлық жедел уәкілдер жол талғамайтын автокөлікті өртеуге қатысқан адамдарды анықтады.
- Павлодар тұрғыны ақшалай сыйақы үшін бұл қылмысты алдын ала ұйымдастырып, жоспарлағаны анықталды. Ол Алматы қаласынан келген азаматқа автокөлікті өртеуді ұсынған. Ал ол келісіп, тез тұтанатын сұйықтықты пайдаланып, Майра көшесіндегі үйдің тұрағында автокөлікті өртеп жібереді. Кейін қылмыс орнынан қашып кеткен,-деп түсіндірді оқиғаның мән-жайын Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров
Күдіктілер ұсталды. Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, Павлодарда әкім сыйлаған ішімдікке тойып алған ер адам үйін де, әйелін де өртеп жіберді.