Полицияға көлігімді ұрлады деп шағым түсірген Павлодар тұрғынына қатысты іс қозғалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Toyota Camry автокөлігін өзге біреу ұрлап кетті деп полицияны алдаған павлодарлық азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Көлік иесі бастапқыда полицияға арыз түсіріп, өзін жәбірленуші ретінде көрсеткен.
- Ер адамның айтуынша ол былтыр тамыз айында бейтаныс адамды Усолка өзенінің арғы жағына апарады. Әлгі адам көліктен шыққаннан кейін көлік иесін бастан бір ұрып құлатып, өзі көлікке отырып кетіп қалады. Полиция тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, қылмыскерді іздейбастайды. Облыс полициясының жеке құрамы күдіктіні ұстауға бағытталды, полицияның кешенді күштері көтеріліп, ұстау жоспары енгізілді, - деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінен.
Полицейлер құны 20 млн теңге тұратын Toyota Camry жеңіл көлігі несиеге алынғанын анықтаған. 2024 жылдың сәуір айында иесі көлікпен Өзбекстанның Ташкент қаласына сапарлаған. Алайда бір күннен соң ол Қазақстан аумағына басқа көлікпен өткен.
Тәртіп сақшылары көлікті «айдап кеткен» тонаушыны қанша іздесе де таппады. Осы уақыт ішінде жәбірленуші тергеушіге күн сайын телефон шалып, істі тезірек жауып, сотқа жіберуді талап еткен.
«Тергеу шаралары барысында көрші мемлекеттен аталған Toyota Camry көлігінің жаңа қожайыны анықталды. Павлодарлық азамат көліктің несиесін төлей алмай, оны Өзбекстанға өткізіп жіберген. Ол осылай жасасам, көліктің автонесиесі өз-өзінен жабылады деп ойлаған болуы керек»,-деп мәлімдеді полиция департаментінен.
Полиция жалған ақпарат беріп, алдаған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғады.
Еске сала кетейік, Оралда жалған нөмір таққан жүргізуші полицейлерден қашпақ болды.