«Поло» дауылы күшіне енді: Мексика жағалауына қауіп төніп тұр
АСТАНА. KAZINFORM – «Поло» дауылы қысқа уақытта күшейіп, 4-санатқа жетті. Қазір оның желінің максималды тұрақты жылдамдығы сағатына 240 шақырымға дейін жетіп, дауылдың 5-санатқа жақындауы болжанып отыр. Бұл туралы АҚШ Ұлттық дауыл орталығы хабарлады.
Орталық мәліметіне сүйенсек, сейсенбі күні сағат 09:00-дегі жағдай бойынша «Поло» Мексиканың Сиуатанехо қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 345 шақырым және Мансанильо қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 555 шақырым жерде болған. Дауыл шығыс-оңтүстік-шығыс бағытында сағатына 9 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқан.
Ұлттық дауыл орталығының болжамынша, «Поло» сейсенбі күні шығыс-оңтүстік-шығыс бағытында қозғалысын жалғастырып, кейін сейсенбі мен сәрсенбі аралығында бағытын күрт өзгертіп, солтүстік-батыс және батыс-солтүстік-батыс бағыттарына бет алады. Алдағы бірнеше күнде дауылдың негізгі бөлігі Мексиканың оңтүстік-батыс жағалауына жақын маңда, теңізде сақталады деп күтіледі.
Текпан-де-Галеанадан Мансанильоға дейінгі аумақта тропикалық дауыл туралы ескерту жарияланды. Бұл аймақта сәрсенбі күні таңертеңнен бастап тропикалық дауылға тән жағдайлар болуы мүмкін.
«Поло» дауылы бейсенбіге дейін Герреро мен Мичоакан штаттарының жағалауындағы аудандарға 100-200 миллиметр жауын-шашын әкелуі мүмкін. Кей жерлерде жауын-шашын мөлшері 300 миллиметрге дейін жетуі ықтимал. Бұл, әсіресе, таулы жерлерде адам өміріне қауіп төндіретін су тасқыны мен лай көшкіндеріне әкелуі мүмкін.
Ұлттық дауыл орталығы Мексиканың оңтүстік-батыс жағалауының кей бөліктерінде адам өміріне қауіп төндіретін биік толқындар мен кері ағыстар болуы мүмкін екенін де ескертті.
Сонымен қатар Калифорния түбегінің оңтүстік шетінен батыс-оңтүстік-батысқа қарай орналасқан «Одалис» тропикалық дауылы да күшейіп келеді. Ол сейсенбі күні немесе сейсенбіге қараған түні дауылға айналуы мүмкін. Қазір оның жағалауға қатысты ешқандай ескертуі жарияланған жоқ.
Азор аралдарының оңтүстік-батысында орналасқан «Фэй» тропикалық дауылы сейсенбі күні посттропикалық қалдық төмен қысымды аймаққа айналады деп күтіледі. Қазіргі уақытта оған байланысты жағалауда ешқандай ескерту жарияланбады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жапонияда «Дуцзюань» тайфуны нөсер жаңбыр мен лай көшкінін туындатып, адам шығыны болғанын жаздық.