Польша Олимпиада комитетінің басшысы үш айға қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Польшаның Катовице қаласындағы сот елдің Олимпиада комитетінің басшысы Радослав Песевичті үш айға қамауға алу туралы прокуратураның өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Бұған дейін Песевич алаяқтық және ақшаны жылыстату ісі бойынша тергеліп жатқан Zondacrypto криптовалюта биржасына қатысты іс аясында ұсталған болатын.
Тергеу деректеріне сәйкес, Zondacrypto 2025 жылғы қазанда Польша Олимпиада комитетінің демеушісі атанған.
Поляк БАҚ-тарының мәліметінше, Радослав Песевич компанияның бұрынғы басшысы Пшемыслав Кральдан құны 40 мың еуро болатын сағатты сыйлық ретінде алған деген күдік бар. Журналистік зерттеулерде Песевич бұған жауап ретінде кәсіпкердің мүддесін Польшаның бұрынғы премьер-министрі Матеуш Моравецкиймен қарым-қатынас кезінде ілгерілеткені айтылады.
dpa агенттігінің мәліметінше, Песевич Кральдың мүддесін Польшаның Бәсекелестік және тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының төрағасы алдында да қорғаған деген күдікке ілінген.
Олимпиада комитеті басшысына қатысты екінші айып криптобиржаның банкротқа ұшырауы алдындағы жағдайға байланысты. Тергеу нұсқасы бойынша, ол компаниядағы байланыстарын пайдаланып, криптовалюта шоттарынан шамамен 200 мың еуро шығарып алған болуы мүмкін.
Песевич тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, қымбат сағат үшін ақшаны бірнеше бөлікпен қолма-қол төлеген.
– Мен 200 мың еуро жоғалттым, сағаттың ақшасын төледім. Сонда мен нені мойындауым керек? – деген Песевичтің сөзін dpa агенттігі келтірді.
Zondacrypto криптобиржасын 2014 жылы польшалық кәсіпкер Сильвестр Сушек құрған. Ол кезде компания BitBay деп аталған.
2022 жылы Сильвестр Сушек жұмбақ жағдайда жоғалып кеткеннен кейін компанияны басқару Пшемыслав Кральға өтті. Төрт жылдан соң Краль клиенттер алдындағы төлем міндеттемелерін орындамай, шетелге қашып кеткен.
Қазір Польша прокуратурасы Zondacrypto қызметіне қатысты алаяқтық және ақшаны жылыстату баптары бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Іс бойынша келтірілген шығын көлемі 80 млн еуроға бағаланып отыр.
Айта кетейік, Норвегия ханшайымының ұлы қамауға алынғаны хабарланды.