Польша шекарасындағы «Теңізшевройл» вагондарымен жағдай реттелді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұған дейін 4-15 қаңтар аралығында компанияның вагон-цистерналары Польша кеден қызметінде кідіріп қалғаны белгілі болды.

«Теңізшевройл» ЖШС
Фото: «Теңізшевройл» ЖШС

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

— 2025 жылғы 4-15 қаңтар аралығында Польша кеден қызметі «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) вагон-цистерналарын кедендік ресімдеудің ұзақ процесін жүргізді. Осыған байланысты компания жүктерін поляк тарапынан алушыларға тасымалдауда кідірістер болды, — деп түсіндірді ведомство.

Жағдайды реттеу үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі және поляк құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен келіссөздер жүргізілді.

— Қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде 2025 жылғы 26 қаңтарда Польша кеден қызметі ресімдеу процесін бастады, бұл ТШО вагондарына межелі пункттерге қарай жүруді жалғастыруға мүмкіндік берді, — делінген министрлік хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Сенат кедендік баждардың үздіксіз аударылуына арналған заңды мақұлдағанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар