Помпеиді құтқару 105 миллион еуроға түспек

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Италия өкімет орындары ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген ежелгі римдік Помпеи қаласын құтқару жобасын әзірледі, деп хабарлады Лента.ру.

Помпеиді құтқару 105 миллион еуроға түспек

Жоба 105 миллион еуроға бағаланып отыр. ANSA агенттігінің хабарлауынша, әлемдегі ең ірі археологиялық кешенге ақшаны Еуропалық аймақтық даму қоры бөлмек.

Қаланы қалпына келтіру жоспары 2015 жылғы желтоқсанға дейін жүзеге асырылмақ. Бұл жұмыстарды жүргізуге 5 сәуірде Неапольда қол қойылды, оған Италия премьер-министрі Марио Монти мен мәдени мұралар министрі Лорено Орнаги қол қойды.

Монти жобаның басты міндеті қираған нысандарды қорғау және оларды нығайту екендігін айтты. Премьер-министр жұмыстар адал бизнестің қатысуымен тиімді жүргізілетінін және оған «ұйымдасқан қылмыстық топтар» жіберілмейтінін атап көрсетті.

Ол сондай-ақ жобаға бастамашы болған Сильвио Берлускони басқарған бұрынғы үкіметке алғысын білдірді.

Помпеиге 2000-2006 жылдары 7,7 миллион еуроға жуық қаржы бөлінгеніне қарамастан, соңғы жылдары кешен аумағындағы ғимараттар бүліне бастаған. Мәселен, 2010 жылғы қарашада екі мың жылға жуық бұрын салынған Помпеидегі «гладиаторлар үйі» қирады.

Пемпей біздің жыл санауымыздағы 79 жылы Везувий жанартауының атқылауынан күлге көміліп, қираған болатын. Ғалымдар оның ежелгі бейнесі сақталып қалғандықтан біздің дәуіріміздегі І ғасырда римдіктер қалай тұрмыс кешкенін анықтады. Помпеиде жыл сайын 2,5 миллион турист болады.