Португал футболшысы Криштиану Роналдуға Мадейро аралында ескерткіш орнатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Португал футболшысы Криштиану Роналдуға өзінің туған жерінде ескерткіш орнатылды, салтанатты рәсімге оның өзі де қатысты, деп хабарлады ТАСС.
Салтанат үстінде оған аймақ алдында сіңірген еңбегі үшін медаль тапсырылды.
«Бұл мен үшін үлкен құрмет, - деді футболшы. - Қазір мен бұл құрметке үлкен толқу үстіндемін. Бұл мен үшін ерекше күн және ол менің бұдан әрі жігерлене түсуіме дем береді».
Бұдан бұрын Криштиану Роналду «Реал» құрамында клубтың әлем чемпионатында жеңімпаз болды. Финалда оның командасы аргентиналық «Сан-Лоренсо» футболшыларын 2:0 есебімен ұтты.
Криштиану Роналду жылдың ең үздік футболшысына берілетін «Алтын доптың» екі мәрте иегері. Португалиялық футболшы «Реалға» 2009 жылы 93,4 млн. еуроға ауысты. Бұл кезде ол Испания чемпионы, 2011 және 2014 жылдардағы Кубок иегері және 2012 жылғы Испанияның Суперкубогының, сондай-ақ Чемпиондар лигасының (2014) және УЕФА Суперкубогының иегері болды.