Португалия ЕУРО-2016 турнирінде Исландиямен тең түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының алғашқы матчында Португалия құрамасы Исландия командасымен тең түсті.

Португалия ЕУРО-2016 турнирінде Исландиямен тең түсті

Сент-Этьен қаласының «Жоффруа-Гишар стадионында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Исландия Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне алғаш рет шығып отырған команда. Ларс Лагербектің командасы тұңғыш қадасын жаман бастаған жоқ.

Кездесу Роналду мен Нанидің өткір шабуылымен басталды. Өз кезегінде исландиялықтар да шетте қалған жоқ, Гилфи Сигурдссон тепкен допқа қақпашы Руи Патрисиу тосқауыл болды.

Ары қарай ойын қарқыны арта берді. Нани мен Роналду жақсы соққылар жасады, алайда Ханнес Хальдерссон өзін мықты қақпашы екенін тағы бір дәлелдеді.

Дегенмен, қайта-қайта қарсыластарын қыспаққа алған Португалия футболшылары бірінші таймда есеп ашты. Ойынның 31-минутында Нани қапталдан берілген пасты қақпаға сүңгітті.

Екінші тайм португалдықтардың шабуылымен жалғасты. Бірақ, исландиялықтар 51-минутта гол салып, жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Гол авторы - Биркир Бьярнассон.

Португалия құрамасы қолда тұрған жеңістің сусып кеткеніне қапаланып, исландиялықтардың қақпасына лап қойды. Дегенмен, көп шабуылдың ешқайсысы нәтижелі болмады.

Айта кетейік, футболдан Еуропа чемпионаты Францияда өтуде. Біріншіліктің аясы биылдан бастап кеңейіп, құрлықтық додада 16 құрама емес, 24 команда ойнайтын болады. Футболсүйер қауым «кәрі құрлықтың» ең мықты құрамаларының қатысуымен 51 матч тамашалай алады.

Еуропа біріншілігі Францияның он қаласында 10 маусым мен 10 шілде күндері аралығында өтеді.
Барлық матчтар «Қазақстан» мен «Қазспорт» телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.