Португалия мен Испанияда жарық беру жүйесі қалпына келтірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Кешегі жаппай электр қуатының өшуінен кейін Португалия мен Испанияда жарық беру жүйесі қайта қалпына келе бастады. 29 сәуір, сейсенбі күні таңертең Испанияның REE энергетикалық компаниясы елдің материктік бөлігінде электр энергиясының шамамен 90 пайызы қалпына келтірілгенін хабарлады, деп жазады DW.

Португалия мен Испанияда жарық беру жүйесі қалпына келтірілді
Фото: Еuronews

Испаниялық Red Elеctrica операторы қазіргі таңда тұтынушылардың сұранысы 99,16% деңгейінде қамтамасыз етілгенін, ал елдегі барлық қосалқы станциялардың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын нақтылады.

– Қос елдің желілік операторлары ақаудың себебін анықтау және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта кибершабуыл белгілері байқалған жоқ, – деп мәлімдеді Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта.

AFP агенттігінің мәліметінше, Португалиядағы REN желілік операторы бір түн ішінде 6,5 миллион үйдің 6,2 миллионына жарық қайта қосылғанын хабарлаған.

28 сәуір, дүйсенбі күні миллиондаған тұрғын, соның ішінде Мадрид пен Лиссабон халқы жарықсыз қалды. Ауқымды ақаулар Испания, Португалия, Францияның оңтүстік-батысы мен Андоррада орын алған.

Электр ақауы салдарынан метро мен пойыздар тоқтап, бағдаршамдар өшті, интернет пен мобильді байланыс үзіліп, адамдар лифтілерде қалып қойды. Тек Мадридте ғана құтқарушылар 286 рет көмек көрсету операциясын өткізген. Испанияның Adif теміржол компаниясы ел көлеміндегі пойыз қозғалысының тоқтағанын растады.

Испания Көлік министрлігінің дерегінше, он бір пойыздан жолаушыларды эвакуациялау он сағаттан кейін де аяқталмаған. Жол қозғалысын қадағалайтын DGT мекемесі жүргізушілерге жолға шықпауға кеңес берді.

Испания әуежайларында рейстердің кешігуі байқалды. Eurocontrol ұйымының мәліметінше, электр қуатының үзілуі Мадрид, Барселона және Лиссабонмен әуе қатынасына әсер еткен.
Айта кетейік, бұған дейін Испания мен Португалия электр жарығынсыз қалғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар