Португалияда жағажай волейболынан жастар арасында Әлем чемпионаты өтіп жатыр
Бүгін олар топтық сындағы ақтық ойындарын өткізеді. Бұған дейінгі 2 кездесуде Виктор мен Кирилл Италия мен Никарагуа, ал Анна мен Екатерина Ресей мен Италия спортшыларынан жеңіліп қалды. Жарысты бірден топтық сыннан бастаған жігіттер бүгін австриялықтармен, ал қыздар жарыс қожайындарымен күш сынасады. Егер бұл сында мерейлері үстем шықса, жарысты ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алады, ал жеңіліп қалса, жарысты ерте аяқтайтын болады.
Алматылық Виктор Пестов пен Кирилл Гурин бұл дүбірлі доданың жолдамасын Азия чемпионатында жеңіп алған болатын. Одан кейін 21 жасқа дейінгілер арасында Хорватияда өткен Әлем чемпионатына қатысып, онда іріктеу кезеңінде сүрініп, 37-ші орынды қанағат тұтқан еді. Ал ақтаулық Анна Елеференко мен Екатерина Ласюта болса, Алматыда өткен чемпионаттың 2-ші турында жеңіске жеткен. Екатерина Ласюта сондай-ақ, былтыр 19 жасқа дейінгі жастар арасында Кипрде өткен Әлем чемпионатында Александра Варасовамен 1/16 финалға дейін жетіп, 17-ші сатыдан көрінген болатын.