Португалиядағы әуежайға Криштиану Роналдудың есімі беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Португалия билігі Мадейра аралындағы әуежайға «Реал» мен ел құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналдудың есімін бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Би-би-си»-ге сілтеме жасап.
Әуежайдың атын өзгертуге арналған салтанатты жиын сәрсенбі күні Фуншал қаласының маңында өтеді. Оған футболшының өзі қатысады. Бұл қалада Роналдудың қола мүсіні, сондай-ақ спортшының лақап аты - CR7 брендімен жұмыс жасайтын мұражай мен отель де бар.
Алайда, әуежайды футболшының есімімен атау ұсынысына жергілікті саясаткерлер қарсылық танытуда. Кейбір сыншылар спортшының есімін иеленген мұражай мен отельдің жұмыс істеп тұрғаны жеткілікті деп санайды.
Криштиану Роналду 2016 жылы ФИФА нұсқасы бойынша кезекті рет үздік футболшы танылды. Сондай-ақ португалдық футболшы өз мансабында төртінші рет «Алтын доп» иегері атанды.