Португалиялық дипломат: Арақашықтық диалог үшін кедергі емес
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 маусым күні Португалия Республикасы өзінің басты ұлттық мерекесі - Португалия күнін атап өтеді. Аталмыш еуропалық елдің Елшілігі Астана қаласында ашылғанына міне, екі жыл болды.
Осы орайда, оқырмандарымыз назарына Қазақстан Республикасындағы Португалия Республикасының Сенімді өкілі Аделина да Силваның мақаласын ұсынамыз. Шетелдік дипломат мақалада өз елінің тарихи мұрасы, португал тілінің әлемдегі дамуы, сондай-ақ географиялық алшақтыққа қарамастан табысты дамып отырған екіжақты ынтымақтастық туралы әңгімелейді.
Астана мен Лиссабонды 7 мың шақырым жол бөліп жатыр, астананың бірі Еуразия кіндігінде орналасса, екіншісі Атлант мұхитын өзіне қарата батыстың ең түкпірінде жатыр. Мұндай жағдайларда, екі ел арасындағы қарым-қатынастар күтілгендей, айтарлықтай шектеулі болды. Тіпті екі мемлекет бүгінгі жаһанданудың ең бастапқы кезеңінде негізгі рөл ойнаған кезде де - Қазақстан Жібек жолы арқылы Батыс пен Шығысты байланыстырды, Португалия сондай-ақ теңіз қатынастары арқылы байланыстырушы буын рөлін атқарды - олардың арасында тікелей өзара байланыс болған емес.
Бірақ бүгін жағдай өзгерді және екіжақты ынтымақтастықтың өсіміне жігерлендірер белгілер бар. Сөзсіз, бұл көп жағдайда Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі дамуды ынталандырудағы жетістігіне және оның халықаралық аренадағы нығайып келе жатқан позициясына байланысты. Соңғы жылдары біздің елдеріміз ядролық қаруды таратпаудан бастап, халықаралық құқықтың үстемдігіне дейінгі мәселелердің кең спектрі бойынша және ортақ мақсаттарды алға жылжыта отырып, БҰҰ және ЕҚЫҰ сынды көпбағытты халықаралық ұйымдар шеңберінде тиімді жұмыс істей алатындығын жете түсінді.
Португалия сондай-ақ Еуропалық одақтың (1986 жылдан бастап), Еуроаймақ пен Шенген кеңістігінің (негізі қаланған күннен бастап) мүшесі болып табылады. Біз Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы анағұрлым тығыз ынтымақтастықтың боларына терең сенімдіміз және өткен жылы қол қойылған Кеңейтілген ынтымақтастық пен әріптестік туралы келісімнің тиісті орындалуына бағытталған күш-жігерлердің жалғасуын құптаймыз. Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың кеңеюі жан-жақты ойластырылған көпвекторлы сыртқы саясатта Қазақстанның жетістікке жетуіне өз үлесін қосып отыр деп санаймыз.
Екі мемлекет қос астанада өздерінің дипломатиялық өкілдіктерін ашты және бірқатар екіжақты келісімшарттар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл екі елдің мемлекеттік органдары арасындағы кеңейтілген әрі өзара тиімді институционалды ынтымақтастықты ынталандыруы тиіс. Одан бөлек, бұл екі мемлекет те ұмтылып отырған - экономикалық байланыстардың өсуіне оң ықпалын тигізуі тиіс.
Екі жақты сауда-саттық пен инвестиция көлемі айтарлықтай жоғары емес, алайда бұл салада даму байқалады. Бүгінде Қазақстандағы сауда орындары мен дүкендерінен Португалиядан әкелінген шарап, киім, аяқ киім, керамика сияқты заттарды көруге болады. Португалия өз кезегінде қазақстан мұнайы мен басқа да шикізаттық өнімдерді импорттайды. Еліміздің бірнеше компаниялары сәулеттік жобалау, ақпараттық технология, құрылыс, офистік жиһаз салаларында табысты жұмыстар жасауда. Бұл екі ел арасындағы әлеуетті қызметтік байланыстардың қарқын алып келе жатқандығының көрінісі.
Жалпы Португалия жаңартылған энергия көзін дамытуды қолға алған әлемдегі жетекші мемлекеттердің бір. Елде энергияның жаңартылған көздерінің 60 пайызын гидро, жел және күн энергиясы құрайды. Сондай-ақ мемлекетте су ресурстарын басқару және қалдықтарды кәдеге асыру, сондай-ақ қоршаған ортаның тұрақтылығын қамтамасыз ету салаларындағы жетістіктері көш ілгері.
Заманауи білім мен технологияларды игерген португалдық компаниялар, мемлекеттік мекемелер мен академиялық орта Қазақстанның парникті газ шығарындыларын төмендету және «жасыл» экономиканы дамыту бағыттарында жәрдем көрсете алады.
Өздеріңіз білетіндей, Лиссабон ЭКСПО-1998 көрмесін өткізу мәртебесін алды және біз сол жылы Қазақстанның мұндай халықаралық шараға алғаш рет тәуелсіз ел ретінде қатысқандығын ерекеше еске аламыз. Португалия ЭКСПО - 2017 көрмесіне өзінің павильонын ұсына алмауына қарамастан, бұл бастаманы толықтай қолдайды. Португалдық компания ЭКСПО-да 4 павильон құрылысын жүргізді.
Португалияның туристік саласы серпінді дамуда. Елде жылжымайтын мүлік, отель, туристік қызмет көрсету сияқты салаларға шетелдік инвесторларды тарту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалып отыр.
Португалия - жаңа технологиялар саласындағы тың идеялардың елі. Мұнда компаниялардың инновациялық стартаптары жиі паш етіледі. Айталық 2017 жылдың 6-9 қарашасында Лиссабонда «Web саммиті» (www.websummit2017.org ) өтеді. Оған дүниежүзінен, оның ішінде Қазақстаннан өкілдер қатысады. Менің елім халықаралық бизнеске есігін айқара ашты.
1498 жылы Васко да Гама Үнді жағалауларының біріне алғашқылардың бірі болып жетіп, Еуропа мен Азия арасындағы сауда-саттыққа жаңа көпір салды. Бүгінді Қазақстан мен Португалия бәсекелес мемлекеттер емес, олар бірін-бірі толықтырушы мемлекеттер. Қазақстан болашақта Азияны Еуропамен жалғайтын негізгі ірі хаб болады, осы кезде Португалия Африканы, Солтүстік және Оңтүстік Американы жалғайтын көпір рөлін алады.
Дүниежүзі бойынша 250 миллион адам португал тілінде сөйлейді. Португалияда ғана емес Латын Америкасының үлкен мемлекеті Бразилия, Африканың Анголо және Мозамбико сияқты дамушы елдерінде жұмыс жасап, бизнесті өркендетуге мүмкіндік бар.
Осы жылы Астанада тұңғыш рет «Португал тілі күні» атап өтілді. Аталған шараға португал тілін меңгерген 50 адам қатысып, әдеби және музыкалық кештің өтуіне мұрындық болды. Астанадағы «Salud» тілдері орталығында португал тілін үйренуге мүмкіндік жасалған.
Диаспорасыз екі ел арасындағы қарым-қатынастардың бейнесін жасау мүмкін емес. Қазақстанда 20-ға жуық Португалия азаматы тұрып жатыр. Олардың барлығы Қазақстанды жылы қабылдап, қазақтардың қонақжайлылығына тәнтті. Ал Португалияда қазақ қауымдастығы кең қанат жайған. Онда шамамен 3000 жуық адам тұрады. Олар түрлі салаларда жұмыс жасап, елдің өсіп өркендеуіне ат салысып келеді.
Егер сіз Португалия туралы көбірек білгіңіз келсе онда www.portugalglobal.pt және www.visitportugal.com сайттарына кіріп, қажетті ақпараттармен қаныға аласыз.