«Пошта туралы» жаңа заң қабылданды - Сенат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Пошта туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжат енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

«Пошта туралы» жаңа заң қабылданды - Сенат

Аталған құжат пошта саласын ұйымдастырудың қазіргі заманғы халықаралық стандарттарына сай келетін тиімді жүйесін заңнамалық тұрғыдан енгізу жолымен одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, пошта саласындағы қызмет пен пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің түрлері нақтыланып, кеңейтіледі.
Мәселен, бұл ретте пошта байланысының қолданыстағы жүйесінен бөлек қаржылық қызметтер, банктік операциялар, көлікпен көрсетілетін қызмет пен агенттік қызметтері қамтылып отыр.

«Қазақстандағы пошта нарығы бүгінгі күні қалалық деңгейде ғана бәсекелестік байқалады. Соңғы ақпарат бойынша елімізде 114 пошта операторлары қызмет көрсетсе, ауылдық жерлерде тек Ұлттық оператор ғана қызмет атқарып келеді. Қолданыстағы заңнамалық база ақпараттық ғасырдың талаптарына сай келмей отыр. Сондықтан да, пошта саласын жаңғырту қажеттігі туындады», - деді Инвестциялар және даму вице министрі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, жаңа заң пошта саласындағы қызметтің сапасын арттырып, бұл саладағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді қарастырады. Бұдан бөлек, Ұлыбританияның озық тәжірибесінің негізінде жаңа пошталық индекстерді енгізу жоспарланады.

Жаңа пошталық индекстер тек пошта операторларының өндірістік нысандарына ғана емес, сонымен қатар барлық тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттарға берілетін болады. Бұл пайдаланушылардың мекен жайларын нақты анықтауға және жазбаша хат-хабарларды сұрыптауды тездетуге мүмкіндік береді.

«Бұдан бөлек, заң жобасында гибридтік жөнелтілім қызметін көрсетудің негізгі ережелері бекітіледі. Бұл қағаз жүзіндегі қарапайым пошта жөнелтілімінің кейбір кезеңдерден өтпей-ақ, гибридтік жөнелтілімді адресатқа тез арада жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осы тәсілді ҚР Жоғарғы соты «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп атқаруда. Яғни, пошта бөлімшелері сот хабарламасын елдің шалғай аудандарына дереу жеткізуді қамтамасыз етіп отыр», - дейді Ж. Қасымбек.