Пошташылар 2,5 мың тал екті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пошта күніне Қазпошта қызметкерлері еліміз бойынша 2 500 тал отырғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.
Қазпоштаның баспасөз қызметі хабарлағандай, бүкіләлемдік пошта күніне және тәуелсіз Қазақстанның поштасына 25 жыл толуына орай компания қызметкерлері бүкіл еліміз бойынша жаңа аллеяға ағаш отырғызды.
«Бүгін біз әр қаланың тұрғындарына арнап, мамыргүл, қайың, үйеңкі ағаш түрлерін отырғызып, аллеяларды сыйға тарту арқылы, елімізді көгалдандыруға өз үлесімізді қосайық деп шештік. Бұдан бөлек біздің ұжым еліміздегі қоғамдық іс-шараларға белсене араласады, атап айтқанда марафондар мен сенбіліктерге қатысады, сол сияқты қайырымдылық шаралары мен тегін оқытумен де айналасады», - деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.
Айта кетсек, бүгінде компания жылына 80 млн-ға жуық клиентке қызмет көрсетеді, Астана, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларында 6 цифрлық кеңсе ашты, пошта байланысының 200 бөлімшесін жаңартып және 195 сәлемдеме супермаркетін ашты. Одан бөлек хат-хабар Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы шалғайда орналасқан, жолы қиын 30 елдімекенге дрон арқылы жеткізіледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Қазақстан поштасының 25 жылдығына арналған мерейтойлық маркалар айналымға шықты. Жаңа марканың салтанатты тұсаукесер рәсіміне қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пошта қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаған болатын.