Постсекулярлық дәуірде дін қайтадан қоғамдық және саяси өмірдің маңызды факторына айналады — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Постсекулярлық дәуірде дін қайтадан қоғамдық және саяси өмірдің маңызды факторына айналады. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Съезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Президент барлық негізгі діни дәстүрлер мейірімділік, әділдік, жақыныңа жанашырлық, бейбітсүйгіш қасиет секілді жалпы гуманистік құндылықтарды дәріптейтініне назар аударып, Қазақстанның осы ұстанымға бейіл екенін атап өтті. Сондықтан еліміз зорлық-зомбылықты, экстремизмді және өшпенділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы деп мәлімдеді.

— Бүгінде көптеген ойшылдар постсекулярлық дәуірдің басталғанын жиі айтады. Яғни мұндай кезеңде дін қайтадан қоғамдық және саяси өмірдің маңызды факторына айналады. Біздің Съезд замана көшінен қалмауға тырысады. Сондықтан дін өкілдерінің диалогын ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығымен күшейтеміз. Рухани даналық пен сарапшылар білімінің синтезі жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті проблемалардың тиімді шешімін табуға жол ашуы мүмкін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтіп жатыр.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дін басшыларын бейбітшілік елшілері деп атады.