Пойыз билеттерін сату ережелері өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі бұйрығымен теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұйрық биыл 22 сәуірден бастап күшіне енеді

Пойыз билеттерін сату ережелері өзгерді
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Пойыздарға билет сату мерзімдері:

Жолаушылар пойыздарына — пойыз жөнелтілгенге дейін кемінде 45 тәуліктен 10 минутқа дейін (бұрын 45 тәуліктен 1 тәулікке дейін еді). Ұйымдасқан жолаушылар тобына өтініштер бұл тәртіпке кірмейді;

Қала маңы пойыздарына — жөнелтілуге дейін 10 тәуліктен 10 минутқа дейін (бұрын 10 тәуліктен 1 тәулікке дейін еді).

Билеттерді сату жолаушылар пойыздарына жөнелтілуден 45 тәулік бұрын Астана қаласының уақыты бойынша сағат 07:00–ден бастап жүргізіледі.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы купелерге билеттерді сату тәртібі:

Билеттерді сату ашылған сәттен бастап арнайы купеге келесі санаттағы адамдарға және олардың алып жүрушілеріне тек билет кассаларында ресімделеді:

жүріп-тұруы қиын, көмекші құралдарды пайдаланатын (таяқ, балдақ, мүгедек арбасы және т. б.) I топтағы мүгедектігі бар адамға;

мүгедек балаға (18 жасқа дейін);

медициналық ұйымға (немесе одан) жедел сапармен бара жатқан адамға.

Пойыздың жөнелтілуіне 7 тәулік қалғанда билеттер келесі адамдарға ресімделеді:

мүгедектігі бар адам мен мүгедек балаға — мүгедектік мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда;

медициналық ұйымға жедел сапармен бара жатқан адамға — медициналық мекеменің сапардың қажеттілігін растайтын құжатымен;

алып жүруші адамға — жолаушының құжаттарын ұсынған жағдайда.

Бір купеде 4 орынға дейін билет сатып алуға болады.

Билет ресімдеу тәсілдері:

автоматтандырылған басқару жүйесінде (АСУ);

фискалдандырылған компьютерлік жүйеде;

диспетчерлік терминал (ДТМ), өзін-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы;

интернет-ресурстар мен жолаушылар пойызындағы жолсерік арқылы;

жолаушының бір құжаты негізінде электрондық жол жүру құжатын беру арқылы.

Қала маңы пойыздарына билет сатып алғанда келесі деректер көрсетілуі тиіс:

тегi, аты, әкесінің аты (бар болса);

ЖСН;

жолаушы құжаттарының бірінің нөмірі.

Билет сатып алу үшін жарамды құжаттар:

ҚР азаматының паспорты немесе жеке куәлігі;

ҚР аумағындағы шетелдіктердің тұруға рұқсаты;

азаматтығы жоқ адамның куәлігі;

босқын куәлігі;

ҚР дипломатиялық немесе қызметтік паспорты;

теңізшінің жеке куәлігі;

шетелдік паспорт;

қайтару куәлігі (егер басқа елдің азаматы ҚР аумағында құжат жоғалтқан жағдайда);

туу туралы куәлік (16 жасқа дейінгі балаларға);

әскерилер үшін әскери билет.

Бұрын қолданылған уақытша жеке куәлік негізінде билет сатып алу мүмкіндігі алынып тасталды.

Жеңілдікпен немесе тегін билет алу үшін — жеңілдік құқығын растайтын құжат ұсынылуы қажет.

Жеңілдіктер мөлшері:

әлеуметтік маңызы бар бағыттарда — жол жүру құнының 50%;

коммерциялық бағыттарда — тасымалдаушының қалауы бойынша.

Барлық мүгедектік топтары мен мүгедек балаларға (18 жасқа дейін);

I, II топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды алып жүретін адамдарға.

Алып жүрушіге билет тек келесі шартпен беріледі:

жеңілдікпен билет тек бір вагонға және бір бағытқа ресімделген кезде;

мүгедек адамға жеңілдікпен билет ресімделгенде бір уақытта ғана;

егер мүгедек адамның билеті қайтарылса, бірге ресімделген жеңілдікпен билет те қайтарылады;

алайда алып жүрушінің билетін жеке қайтаруға жол беріледі.

Жаңа норма:

егер мүгедектігі бар жолаушы сапардан бас тартса, алып жүруші адамға отырғызуға рұқсат берілмейді.

Ұйымдасқан жолаушылар топтарына қатысты:

топтан (балалардан) жазбаша өтініш кемінде 45 тәулік және жөнелтілуден 3 тәуліктен кешіктірмей берілуі керек;

қолма-қол емес төлеммен — 6 тәуліктен кешіктірмей;

егер өтініш 6 тәуліктен аз уақыт ішінде берілсе — төлем тек қолма-қол, 1 тәулік ішінде, бірақ 3 тәуліктен кеш емес.

Қала маңы пойыздарында қол жүгін тасымалдау:

(жоғары жайлылықтағы электропойыздардан басқа) жүк ретінде: балалар арбасы, моторсыз бөлшектелген велосипед, өсімдіктер мен көшеттер (биіктігі 180 см-ден аспауы тиіс).

Жүк ретінде тасымалданатын бөлінбейтін заттар:

салмағы 500 кг дейін (газ плитасы, тоңазытқыш, паллет, жабдықтар, қозғалтқыштар, станоктар), жүк ауыстырмай.

Жүк тасымалдау бағасын тасымалдаушы белгілейді.

Билет құнын толық қайтару жағдайлары:

пойыздың рейсі билеттің өзінде көрсетілген пойызға тоқтатылған болса;

пойыз 1 сағаттан артық кешіксе;

билеттегі орын берілмеген жағдайда (жолаушы басқа орыннан бас тартқан жағдайда).

Темір жолдың кінәсінен келісілген пойыз кешіксе:

жол жүру құны мен барлық алым толық қайтарылады;

қайтару операциясы үшін комиссия ұсталмайды.

Жолаушылар пойызы кешіккені үшін айыппұл:

билет құнының 3%-ы әрбір кешігу сағатына, бірақ билет құнынан аспайды;

вокзал қызметкерлері толтыратын акт мен жолаушының өтініші негізінде төленеді;

өтініш беру мерзімі — 6 ай.

Балалармен сапар шегу ережелері:

7 жасқа дейінгі бір бала — тегін, егер жеке орын алмайтын болса;

орын қажет болса — жеңілдікпен билет сатып алынады;

егер 7 жасқа дейінгі балалар саны бірден көп болса — қалған балаларға жеңілдікпен билет сатып алынады;

7–15 жас аралығындағы балалар — 50% жеңілдікпен;

15 жастан жоғары — ересек билет;

баланың жасы сапар басталар күнге байланысты анықталады;

жасы расталатын құжат міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

Кәмелетке толмаған баланы алып жүретін ересек адам:

заңды өкілі болмаса — нотариалды расталған сенімхат ұсынуы қажет (қағаз немесе цифрлық түрде);

сенімхатсыз бала пойызға отырғызылмайды;

егер заңды өкілі пойызда бірге болса — сенімхат қажет емес.

15 жастан асқан балалар ересек адамның қарауынсыз жүре алады:

нотариалды расталған жазбаша келісімімен, (қағаз немесе цифрлық нұсқада).

Таяуда елімізде пойыз билетін кімдер жеңілдікпен сатып ала алатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар