Пойыздарда жолаушыларға арналған интернет тегін бола ма

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Елжас Отыншиев жолаушылар пойыздарын интернетке қосу жұмысын түсіндірді.

Интернет в поезде, пойыз, интернет, пойыздағы интернет
Фото: Көлік министрлігі

- Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен жайлылығын арттыру үшін пойыздарда интернет қосу жұмыстары аяқталды. Бүгінде 51 бағыттағы 108 пойыздың 1 500-ден астам вагоны Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған. Бұл қызметті жыл сайын 11 млн-нан астам жолаушы пайдалана алады. Қазіргі уақытта «Транстелеком» компаниясымен бірлесіп жолаушыларға интернет қызметін ұсыну шарттары пысықталып жатыр. Aitu, WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде мәтіндік хабарламалар алмасу, сондай-ақ жолаушыларға арналған сервистік ақпарат тегін ұсынылады, - деді ҚТЖ басшысы.

Сонымен қатар ол жалпы саладағы цифрлық жүйеге тоқталды.

- Цифрлық жүйе жүк және жолаушылар тасымалын ұйымдастырудан бастап, пойыз қозғалысын басқару, жүкті жеткізу және жолаушыларға қызмет көрсетуге дейінгі барлық процесті қамтиды. Негізгі мақсат — жекелеген процестерді цифрландырумен шектелмей, барлық тасымалдау процесін өзара байланысқан бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру. Оның тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін магистралдық теміржол желісінде LTE-R технологиясы негізінде ҚТЖ-ның жеке төртінші буын (4G) байланыс желісі құрылады. LTE-R пойыз қозғалысын басқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және техникалық қызмет көрсету үшін деректерді тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба 16 000 шақырымнан астам магистралдық теміржол желісін қамтиды. Екі кезеңде шамамен 2 800 базалық станция орнатылады, - деді Е.Отыншиев. 

Бірінші кезең - ТрансҚазақстан теміржол желісі мен Астана – Алматы бағыты 2027 жылы аяқталады. Бұл тасымалдау процесінің тиімділігін 10–15% арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін хабарланғандай, Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» компаниясы бір ай мерзімде тасымалдау туралы деректерді бірыңғай деректер қоймасына беруді аяқтауы тиіс екенін айтты.