Пойыздардың кешігуіне не себеп – министрдің жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжілісте пойыздардың кешігуі неліктен жиілеп кеткенін түсіндірді.

«2021 жылы тасымалдаушының кінәсінен пойыздар жалпы 60 сағатқа кешікті. 2023 жылы кешігу уақыты шамамен 7 есе өсті. Ал 2023 жылы пойыздар 412 сағатқа кешіккен. Алты сағаттан астам пойыз күткен 45 мың жолаушы тамақпен қамтылмаған. Жолаушылар тасымалы неге нашарлап кетті және пойыздар қашан кешігуін тоқтатады?», - деп сұрақ қойды Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар Көлік министріне.
Өз жауабында Марат Қарабаев пойыздардың кешігуіне екі себеп бар екенін атап өтті.
«Өкінішке орай, бізде магистральді теміржол желілерінің тозуы 57 пайызға жетті. Сондықтан соңғы 3 жылда, тіпті 2 жылда жөндеу жұмыстарын жүргізуді айтарлықтай көбейттік. Жылына 1400-1500 шақырым рельс жөнделеді. Негізгі жұмыстар жаз мезгілінде жүргізіледі. Мердігер 2 күнде жұмысты аяқтауға уәде береді, кейде үлгермей қалады. Бұл пойыздардың жүруіне әсерін тигізеді», - деп түсіндірді министр.
Екіншіден, вагондардың саны жеткіліксіз болған.
«2019-2021 жылдары 600 вагон есептен шығарылса, орнына 300 вагон ғана келген. Сондықтан өткен жылы жаңа вагондарды көптеп алу шешімі қабылданды. Былтыр 113 вагон, биыл – 140, келер жылы – 240 вагон әкелінеді. Жалпы 2030 жылға дейін 1200 жаңа вагон алынып, 70 пайызға дейін жаңаруға қол жеткіземіз», - деді М. Қарабаев.