Пойыз билеттерінің тапшылығы: Депутаттар алыпсатарлардың пайдасын санап шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаттары Астанадағы теміржол вокзалының жұмысын сынға алды. "Ауыл" партиясының өкілі Фарид Ақбердиевтің айтуынша, пойыз билеттерінің тапшылығы қолдан жасалып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мәселен, Астананың теміржол вокзалына барып көріңізші. 14 кассаның екеуі ғана істеп тұрады. Таңертең келсең, билетті кешке қарай аласың. Себебі олар барлық кассаларды жекеменшік компанияларға беріп тастаған", - деді Ф.Ақбердиев экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында.

Депутат алыпсатарлардың пайдасын да санап шықты. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде жекеменшік кассада комиссияның көлемі 700 теңгені құрап отыр. Үш адам бір жаққа билет алса, 2100 теңгені төлеу керек. Оған қоса, қайтатын билеттердің комиссиясы тағы бар. "Сонда үш адам барып келгенге 4200 теңгенің комиссиясын төлейді. Ал ол ақшаның бәрі кімнің қалтасына кетіп жатыр? Қазір ғаламторды ашып қарасаңыз, Қазақстан бойынша 4 000 жекеменшік касса бар екен. Соның 208-і ғана "Жолаушылар тасымалы" АҚ-сына тиесілі. Демек, жекеменшік кассалардың 4,6 проценті ғана билетті комиссиясыз сатады. Бұл не өзі? Сонда xалықты кім ойлайды? Әлде, бизнестің жағдайын жасап, жүре береміз бе?", - деп атап көрсетті Ф.Ақбердиев.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттары көлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық өзгерістерді талқылауға кірісті. Соның ішінде республикалық жолдарда көлік құралдарын жаппай тоқтату тәжірибесіне тыйым салу мәселесі де бар.  Бұдан бөлек, Uber, InDriver мен Яндекс Такси сияқты мобильді қосымшалар бойынша адам таситын көлік жүргізушілерін заңдастыру шаралары қолға алынады. 

Соңғы жаңалықтар
telegram